Қазақстан күрес федерациясының басшысы Еркін Оқасов UWW президенті Ненад Лаловичпен кездесті, деп жазады Sportbugin.kz.
United World Wrestling бас штабында Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов пен UWW ұйымының басшысы Ненад Лаловичтің кездесуі өтті. Екіжақты кездесуде күресті дамыту, халықаралық серіктестікті нығайту және UWW күнтізбесіндегі жарыстар қатарына Қазақстандағы турнирлердің бірін қосу мәселелері талқыланды.
Күрес федерациясының басшысы Қазақстанның көздеген мақсаты – тек спорттық нәтиже емес, сонымен қатар күрестің аймақтық дамуына серпін беретін, халықаралық іс-шараларды қабылдай алатын тұрақты орталыққа айналу екенін атап өтті. Осы бағытта Қазақстан тарапынан бірқатар бастама көтерілді.
Атап айтқанда, UWW ресми күнтізбесіне Қазақстандағы халықаралық жарыстардың бірін енгізу мәселесі қозғалды. Федерация президенті еліміздегі турнирлердің біріне рейтингтік мәртебе беру арқылы Қазақстанға әлемнің үздік балуандарын тартуға, бәсеке деңгейін өсіруге және жарыстардың халықаралық тартымдылығын арттыруға болатынын атап өтті.
Бұдан бөлек, қос тарап ынтымақтастықты спорттық ғылым бағытында күшейтуді талқылады. United World Wrestling (UWW) ұйымының басшысы Ненад Лалович Астана қаласында Күрес академиясының іргетасын қалау, сондай-ақ оны Орта Азиядағы халықаралық оқу-жаттығу хабына айналдыру жобасын қолдайтынын жеткізді.
