Бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Дамир Буданбеков еліміздегі ең мықты олимпиадалық салмаққа қатысты пікірін айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Айта кетелік, Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері болып Нұржан Насанов тағайындалды. Ол 48 келіде екі дүркін әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбайдың жеке бапкері. Осы орайда, Санжар енді олимпиадалық салмаққа ауыса ма деген заңды сұрақ туындайды.
«55 келі салмақта мықтыларымыз көп. Махмұд Сабырхан World Boxing бойынша әлем чемпионы, Сәкен Бибосынов IBA бойынша әлем чемпионы. Одан бөлек, тағы да талантты боксшылар бар.
48 келіде екі дүркін әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай да осы салмаққа ауысуы мүмкін деп ойлаймын. Өйткені, кім болса да Олимпиадаға қатысуды армандайды», — деді Буданбеков.
Сондай-ақ, ардагер жаттықтырушы ұлттық құрамада бас бапкердің жеке шәкірті болмауы тиіс деген ҚР бокс федерациясының ұстанымы жайлы айтты.
«Қайрат Сәтжанов 2024 жылы команданы қолға алғанда, бас бапкердің жеке шәкірті болмауы керек деп айтты. Қазіргі бас бапкердің жеке шәкірті бар. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Бұл ұстаным 2024 жылы айтылды, ал қазір 2026 жыл», — деді Дамир Буданбеков.
