Албанияның Тирана қаласында өтіп жатқан күрестен рейтингілік турнирде Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде түсті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Еркін күрестен Қазақстан командасының мүшесі Болат Сақаев турнирдің қола жүлдегері атанды. Ол олимпиадалық салмақ саналатын 86 келіде бақ сынап, үздік үштіктен көрінді.
Сақаев турнир барысында Словакия мен Түркия балуандарын жеңді. Бірақ жартылай финалда қазіргі әлем чемпионы, грекиялық Георгиос Кургумцидиске 0:10 есебімен жол берді.
Қола медаль үшін күресте Болат Сақаев түркменстандық балуаннан 10:6 есебімен басым түсті. Осылайша, еркін күрестен Қазақстан құрамасы маусымдағы алғашқы жүлдесіне қол жеткізді. Бұл Данияр Қайсановтың бапкер ретінде бастаған алғашқы жарысы.
Одан бөлек, қола медальға күрескен екі балуанымыз жеңіліс тапты. Мерей Базарбаев (61 келі) Зелимхан Абакаровқа, Майс Алиев (70 келі) Ибрагим Ибрагимовке есе жіберді.
