
Ташкент қаласында Altaic Taekwondo Union отырысы өтті, деп жазады Sportbugin.kz.
Жиынға World Taekwondo президенті доктор Чунгвон Чоу және Одақ президенті Кудрәт Шамиев қатысты. Сонымен қатар Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Өзбекстан және Қазақстан елдерінің өкілдері бас қосты,.
Кездесу барысында қатысушы мемлекеттер өкілдері таеквондо саласында мұндай бірлестіктің құрылуының маңыздылығын ерекше атап өтті. Олар өңір елдерін бір алаңға біріктірген алғашқы жиынды ұйымдастыру бастамасы үшін Кудрәт Шамиевке алғыстарын білдірді.
Отырыс аясында тараптар таеквондоны дамыту бағыттарын, халықаралық ынтымақтастықты күшейту жолдарын және алдағы ірі спорттық жарыстарға дайындық мәселелерін кеңінен талқылады.
Өз сөзінде Чунгвон Чоу Одақ үшін алдағы жаз маусымы аса маңызды болатынын жеткізді. Жақын уақытта екі ірі іс-шара — Алтай чемпионаты мен ұйымның алғашқы Бас Ассамблеясын өткізу жоспарланып отыр.
Аталған Бас Ассамблея шілде айында Астана қаласында ұйымдастырылады.
Айта кетейік, 22-23 маусым күндері Астанада алғаш рет Altaic Taekwondo Union аясында жастар мен ересектер арасында таеквондодан чемпионат өтеді. Бұл турнир World Taekwondo ресми күнтізбесіне енгізілген және G-1 санатында өтеді. Бұл оның жоғары халықаралық деңгейдегі дода екенін айқындайды.
