Sportarena.kz сайты бокстағы төрешілік мәселесіне қатысты түйткілдердің әлі де шешілмей отырғанын алға тартты, деп жазады Sportbugin.kz.
Бокста төрешілік дауы әлі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Мамандардың айтуынша, World Boxing ұйымында төрешілік жүйе әлі де жетілмеген. Ұйымды Геннадий Головкин басқарғанымен, даулы шешімдер азаймай отыр. Бұған әр ел төрешілерінің боксты әртүрлі түсінуі, сондай-ақ аймақтық және жеке факторлардың әсері себеп.
Төрешілердің жұмысын арнайы сарапшылар бағалайды. Егер шешім қате деп танылса, арбитрлар уақытша шеттетіледі. Бірақ бұл жаза ұзақ мерзімді емес, сондықтан мұндай жағдайлар қайталана береді. Сарапшылардың пікірінше, төрешілерді ұзақ уақытқа дисквалификациялау кадр тапшылығына әкелуі мүмкін. Ал «шешуші сәтте қателесетін» тәжірибелі төрешілер мәселесі де өзекті болып қала береді.
Қазіргі таңда ұйым рейтингтік жүйе енгізу мен жасанды интеллектіні қолдануды қарастырып жатыр. Алайда бұл шаралар да төрешілік дауларды толық жоя алмайтыны анық.
Демек, бүгінгі жағдайға қарағанда, World Boxing әзірге IBA-дан айтарлықтай айырмашылық көрсетіп отырған жоқ.
