Еркін күрестен әлем чемпионы, Азияның үш дүркін жеңімпазы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Нұрқожа Қайпанов ерекше құрметке ие болды, деп жазады Sportbugin.kz.
Отандық кәсіпкер Сабыржан Зайнидинов балуанға Алматы қаласынан толықтай жабдықталған екі бөлмелі пәтер сыйлады.
Кәсіпкердің айтуынша, баспананың ішін түгелдей әзірлеп беруінің басты себебі — Нұрқожа мен жары Мәриям тұрмыстық мәселеге алаңдамай, бар назарын жаттығу мен үлкен спортқа аударсын деген ниет.
Сонымен қатар, бұл қадам жас спортшыларға үлкен мотивация беріп, ел намысын қорғаған азаматтардың еңбегі еленетінін көрсетеді.
Сабыржан Зайнидинов балуанға алдағы Олимпиада ойындарында финалға шыққан жағдайда бұдан да ауқымды сыйлық болатынын да айтты.
Мұндай қолдау — спортшыға көрсетілген құрмет қана емес, қазақ спортының дамуына серпін беретін, чемпиондарды жігерлендіретін игі бастама екені анық.
