Футболдан U 19 жасөспірімдер құрамасы Еуропа чемпионаты-2027 іріктеу кезеңінде Сербия құрамасын 3:1 есебімен жеңді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Грекияның Салоники қаласында өткен матчта сербиялықтар ойынның басында есеп ашқанымен, қазақстандық футболшылар таразы басын өз пайдасына аудара білді.
Алғашқы таймда Төре Исмағұлов есепті теңестірсе, үзілістен кейін Исмаил Бекболат дубль авторы атанып, командасына маңызды жеңіс сыйлады.
Осылайша, Қазақстан U-19 құрамасы іріктеу кезеңіндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық жасөспірімдер турнирдегі алғашқы ойында Португалия құрамасымен 1:1 есебімен тең түскен болатын. Енді отандастарымыз 9 маусым күні алаң иелері Грекия құрамасына қарсы матч өткізеді.
