Бұл күндері Жапонияның Хатинохе қаласында конькимен жүгіруден жастар арасындағы Әлем кубогының кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, аталған бәсекеде екі спортшымыз жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Атап айтсақ, 1000 метрге жарыста нео-сеньор санатында Ұлттық құраманың 2 спортшысы жүлдеге қол жеткізді. Маргарита Артемьева аталған қашықтықта мәре сызығын екінші болып кесіп өтіп, күміс жүлдегер атанса, Мария Кузнецова үшінші болып жетіп, қола медалді қанжығасына байлады. Тағы бір Қазақстан өкілі Алёна Лифатова 4-сатыға тұрақтады.
Жапониядағы жарыста 23 мемлекеттің 170 таңдаулы атлеті сынға түсіп жатыр. Бұл кезең ертең мәресіне жетеді.