Боксшы Абылайхан Жүсіповтің жары Қытайдағы Әлем кубогындағы жеңістен кейін әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады, деп жазады Sportbugin.kz.
«Абылайхан ұлттық құрамаға қайта оралғалы бері барлық ірі жарыстарда алтын медаль жеңіп алып келеді. 2024 жылы Азия чемпионы атанса, 2025 жылы әлем чемпионы болды.
Содан кейін 6-7 ай үйде болды, ешқайда қатыспады, ешкіммен таласпады. Бірақ Алланың қалауымен осы жарысқа бапкерлер өздері шақырды. Жеребесі де өте қиын болды: алғашқы жекпе-жекте қабағын жарып, чемпион атанған қарсыласы, одан кейін өзбек боксшысы, сосын қазіргі таңда 70 келідегі әлемнің №1 спортшысы саналатын иорданиялық Зеяд Ишайш, бүгінгі үндістандық қарсылас та оңай болған жоқ. Шүкір Аллаға, бағың мен бабың қатар шауып тұр. Тоқтама! Сен әлі шал емессің, қазір сенің прайм-эраң. Басқа жұмыстарды жасап әлі үлгересің. Мен сені әрдайым қолдаймын», — деп жазды боксшының жары.
Айта кетейік, қазір жанкүйерлер арасында Азия ойындарына Абылайхан Жүсіпов бара ма, әлде Төрехан Сабырхан қатыса ма деген сұрақ қызу талқылануда. Екі боксшы да 2025 жылы әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алған.
Төрехан Сабырхан сәуір айында Азия чемпионатында иорданиялық Зеяд Ишайшқа есе жіберіп, күміс жүлдегер атанса, Әлем кубогы кезеңінде Абылайхан дәл осы қарсыласын жеңіп, турнир чемпионы болды.
