Венгрияда күрес түрлерінен өтіп жатқан рейтингілік турнирде Дінмұхамед Қошқар қола жүлдеге ие болды, деп жазады Sportbugin.kz.
Грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық балуан қола медаль үшін армениялық Славик Галстянмен белдесуі тиіс болған. Алайда қарсыласы кілемге шықпағандықтан, жеңіс Дінмұхамед Қошқарға берілді.
Қошқар жарысты іріктеу кезеңінде ресейлік Динислам Бамматовтан 0:2 есебімен жеңіліп бастаған еді. Кейін Бамматов финалға шыққандықтан, жұбаныш белдесулері арқылы жүлдеге таласуға мүмкіндік алды.
Жұбаныш кезеңінде Дінмұхамед алғашында жерлесі Мейіржан Шермаханбетпен кездесуі керек болғанымен, қарсыласы белдесуге шықпады. Одан кейін үндістандық Сачин Сахраватты 6:0 есебімен сенімді жеңіп, қола медаль үшін белдесуге жолдама алды.
