Қытайда волейболдан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасына қатысты жағымсыз жағдай туралы ақпарат тарады, деп жазады Sportbugin.kz.
«Инсайды волейбол KZ» Telegram арнасының мәліметінше, Қазақстан құрамасын қонақүй нөмірлеріне кіргізбей қойған. Бұған федерацияның тұру ақысы бойынша толық есеп айырыспағаны себеп болғаны айтылды. Арна бұл жағдайды ұйымдастырушылық олқылық деп бағалап, спортшыларға лайықты жағдай жасалмайынша жоғары нәтиже талап ету орынсыз екенін жазды.
Осыдан кейін Қазақстан волейбол федерациясы ресми мәлімдеме жасап, жағдайға түсініктеме берді.
«Төлемнің бір бөлігі уақытында жасалған, ал қалған сома демеушілік қаражаттың кеш түсуіне байланысты қысқа мерзімге кешіктірілген. Қазір мәселе толық шешіліп, барлық қаржылық міндеттемелер орындалған», — деді.
Федерация сондай-ақ Қазақстан құрамасы Азия чемпионатындағы жарысын қалыпты режимде жалғастырып жатқанын және команда барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етілгенін мәлімдеді.
