Танымал бапкер Тұрсынғали Еділов Индонезияда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының қорытындысына қатысты пікір білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
«Қазір жастар мен жасөспірімдер спортына өзге елдер, әсіресе Өзбекстан ерекше көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесінде Өзбекстан Азияда ғана емес, әлемдік деңгейде де мықты елге айналды. Сондықтан әр жеңілістен кейін кінәні төрешіден немесе басқа себептерден іздей беруге болмайды. Ең алдымен федерация нақты проблемаларды анықтап, олардың себеп-салдарын саралап, жүйелі жұмыс жүргізуі қажет.
Ал Бақытқа келсек, оның жұмысынан бірден нәтиже күтудің қажеті жоқ. Нәтиже қазір тәрбиелеп жатқан боксшылары ересектер қатарына қосылған кезде көрінеді. Сондықтан оған тәжірибелі мамандардан құралған мықты команда қажет. Жеке шәкірті жоқ білікті бапкерлерді де осы іске тартып, бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек», — деді Еділов.
Айта кетейік, Джакартада өткен Азия чемпионатында жалпыкомандалық есепте Өзбекстан құрамасы көш бастады. Көрші елдің боксшылары 21 алтын, 6 күміс және 6 қола медаль иеленіп, Қазақстаннан 10 алтын жүлдеге озып кетті.
