Жәмилә Бақбергенова Венгрияда күрес түрлерінен өтіп жатқан рейтингілік турнирде күміс медаль жеңіп алды, деп жазады Sportbugin.kz.
72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында қазақстандық балуан Польша өкілі Виктория Холуймен белдесті. Шешуші кездесуде қарсыласы 13:2 есебімен басым түсіп, Жәмилә күміс жүлдеге ие болды.
Бақбергенова финалға дейін сенімді өнер көрсетті. Алғашқы белдесуінде Қырғызстан балуаны Қайыркүл Шаршебаеваны 10:0 есебімен айқын жеңсе, жартылай финалда Үндістан өкілі Дикше Маликті де 11:0 есебімен тізе бүктірді.
Айта кетейік, Қазақстан әйелдер құрамасы бұл турнирді бір күміс және бір қола медальмен аяқтады. Қола жүлдені 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Зейнеп Баянова жеңіп алды.
