Файтер Қаршыға Дәуітбек Жапонияда өткен Rizin FF — Landmark Vol.15 турнирінде мерзімінен бұрын жеңіске жетті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Қазақстандық спортшы жапониялық Кехэй Хагиварамен кездесті. Үш раундқа жоспарланған жекпе-жек алғашқы раундта-ақ аяқталды. Қаршыға қарсыласын нокаутқа жіберіп, кәсіпқой ММА-дегі 19-жеңісіне қол жеткізді.
Ал Кехэй Хагивара үшін бұл кәсіпқой мансабындағы 12-жеңіліс болды. Оның еншісінде 9 жеңіс бар.
Айта кетейік, Қаршыға Дәуітбек бұған дейінгі жекпе-жегін өткен жылдың желтоқсанында Жапонияның Сайтама қаласында өткізген болатын. Ол кезде қазақстандық файтер Юта Кубомен кездескен. Алайда бірінші раундта жапониялық спортшының абайсызда көзіне саусағы тиіп кеткендіктен, Дәуітбек жекпе-жекті жалғастыра алмай, кездесу нәтижесіз деп танылған еді.
