Қырғызстандық балуан Алтынай Мамарасулқызы спорттағы мансабын анасының өмірін сақтап қалу үшін тоқтатты, деп жазады Sportbugin.kz.
Алтынай Мамарасулқызы — еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Ол 20 жасына дейін Қырғызстанның төрт дүркін чемпионы атанып, Азия және әлем чемпионаттарында жеңіске жеткен.
2018 жылы анасы ауыр науқастанып, Алтынай донор болды. Медициналық көрсеткіштер бойынша басқа туыстары сәйкес келмеген соң, спортшы бауырының бір бөлігін анасына берді.
«Егер спортты тастау керек болса, тастайын дедім. Олимпиада медалін алмасам да мейлі. Ең бастысы — анамның өмірін сақтау», — дейді ол.
Бүгінде Алтынай Ош қаласында әйелдер күресінен жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Жаттықтырушылыққа келуге Олимпиада чемпионы Айсұлу Тыныбекова ұсыныс жасаған.
«Мен өзім жете алмаған биіктерге шәкірттерім жетсе екен деймін», — дейді бұрынғы чемпион.
