Венгрияда күрес түрлерінен биылғы маусымдағы ең соңғы рейтингілік турнир аяқталды. Аталған сынға грек-рим күресінен Қазақстан командасының үздігі Демеу Жадыраев та қатысқан болатын. Жарыстан соң Демеудің жеке бапкері Боранбек Қоңыратов сұхбат берді, деп жазады Sportbugin.kz.
Будапешт кілемінде Жадыраев екі белдесу өткізіп, екеуінде де әлем чемпионаты қарсы күресті.
Алғашқы айналымда екі дүркін әлем чемпионы Ақжол Махмұдовты таза жеңсе, екінші кезеңде 2022 жылғы әлем чемпионы, түркиялық Бурхан Акбудактан бір ұпай айырмасымен ұтылды.
Бапкердің айтуынша, Бурханмен өткен белдесуде төрешілер күмәнді шешім қабылдаған.
«Демеу мен Ақжолдың қайта кездесуін жанкүйерлер асыға күтті. Себебі, Париж кілемінен кейін екі балуан да ресми жарыстарда белдескен жоқ. Міне, арада екі жыл өткенде классикалық күрестегі мықты балуандар қайта кездесіп, Демеу жеңіске жетті. Қарсыласының жауырынын жерге тигізді. Бапкері ретінде бұл белдесуге ризамын. Жадыраев өзінің білігін де, тәжірибесін де пайдаланды.
Түрік балуанына қарсы да Жадыраев жаман күрескен жоқ. Белдесуде 6:6 есебі тіркеліп, әдіс сапасы бойынша қарсылас алда тұрды. Ал соңғы секундтарда Демеу түрік балуанын кілем сыртына шығарып жіберген. Бұған бір ұпай берілуі тиіс еді, төрешілер сараңдық танытты. Мен челлендж басып, соңғы эпизодты қайта көруді сұрадым. Бірақ қазылар өз дегенінен қайтпады. Грек-рим күресінде әлі күнге дейін екі түрлі ұстанымдар қатар жүреді. Яғни, бір әдіске ұпай беруге де, бермеуге де болады. Осы жолы төрешілер Демеудің соңғы әдісіне баға бермейміз деп шешті.
Алайда, еш өкпе жоқ. Демеу енді Азия ойындарына дейін ешқандай жарысқа қатыспайды, тек жаттығу жиындарын өткіземіз. Будапешттегі бәсекені біз дайындықтың бір бөлігі ретінде қарастырдық», — дейді Қоңыратов.
Демеу Жадыраев грек-рим күресінен әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері.
