Бакуде өтіп жатқан 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында қыздар құрамасының қоржынына алғашқы жүлде түсті, деп жазады Sportbugin.kz.
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Айша Әбдімәлік финалға дейін сүрінбей жетті. Алтын медаль үшін өткен шешуші белдесуде ол Моңғолия өкілі Ариунзул Болдбаатарға есе жіберіп, әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді.
Ал 49 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Аянат Мейінбай қола жүлде үшін белдесті. Алайда АҚШ спортшысы Исла Сильваға жол беріп, жарысты жүлдесіз аяқтады.
Осылайша, Айша Әбдімәліктің күміс медалі Бакуде өтіп жатқан U17 әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасының алғашқы жүлдесі болды.
