Грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Қонысбек Төкенов Әлішер Ерғалидың әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Бас бапкердің айтуынша, әзірге 130 келідегі ұлттық құраманың бірінші нөмірлі балуаны — Олжас Сырлыбай. Сондықтан Әлішер Ерғалидың әлем чемпионатына қатысуы алдағы халықаралық турнирлердегі нәтижесіне байланысты болмақ.
«Қазір нақты жауап айта алмаймыз. Егер Түркиядағы турнирде өзін жақсы қырынан көрсетсе, мүмкіндігі болады. Бірақ әзірге бұл салмақта бірінші нөмір — Олжас Сырлыбай. Ал оның еркін күрестен грек-рим күресіне ауысу себебін нақты білмеймін. Дегенмен жаңа стильге тез бейімделіп кетті», — деді Қонысбек Төкенов.
Айта кетейік, Әлішер Ерғали бұған дейін еркін күрестен екі мәрте Олимпиада ойындарына қатысып, Азия чемпионатында төрт рет жүлдегер атанған. Биыл ол еркін күрестен түбегейлі грек-рим күресіне ауысты.
