Қазақстандық еркін күрес шебері Бақдәулет Ағабек Бакуде өтіп жатқан 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының финалына жолдама алды, деп жазады Sportbugin.kz.
48 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз жартылай финалда өзбек балуаны Фарух Махмудовпен белдесіп, 7:3 есебімен жеңіске жетті.
Жарыс барысында Бақдәулет Ағабек үш қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді. Ол тәжікстандық Муслихиддин Ходжиевті, болгариялық Эмир Жеватовты және моңғолиялық Темулен Усухбаярды 10:0 есебімен ұтты.
Енді қазақстандық балуан әлем чемпионатының алтын жүлдесі үшін таласады. Финалдық кездесу 1 тамыз күні өтеді.
