Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси ұлттық құрама сапындағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
39 жастағы футболшы жанкүйерлері мен серіктестеріне арнаған хатында бұл шешімге ұзақ ойланғаннан кейін келгенін жазды.
«Финалдан кейін біраз уақыт өтті. Ұзақ ойланған соң, ұлттық құрамадағы мансабымды аяқтайтынымды баршаңызға жариялағым келеді. Бұл шешім маған ауыр тиді және әлі де ауыр тиіп келеді. Дегенмен дәл қазір мұндай қадамға барудың ең дұрыс уақыты екенін түсінемін.
Мен әрдайым бар күшімді салдым. Соңғы жылдары бәрін жеңіп жүрген кезімізде ғана емес, одан бұрын да осы жейде үшін күрестім. Сіздерге қуаныш сыйлап, футбол арқылы аргентиналық екендеріңізді мақтан тұтуға себеп болу үшін барымды бердім.
Уақыт аз қалды. Кейбір тараулар аяқталады. Ал бұл тараудың жабылуы өте ауыр. Мен ұлттық құрамада өткізген уақытымды жақсы көрдім және әрдайым жақсы көретін боламын. Бар күшімді салдым. Енді берерім қалған жоқ. Оның үстіне, менің орнымды басуға лайықты, талантты жас футболшылар өсіп келеді.
Соңғы 20 жылда маған сыйлаған махаббаттарыңыз үшін рақмет. Мұның бәрін қатты сағынатын боламын. Енді мен сіздердің біріңіз боламын. Трибунадан қолдау көрсетіп, қуанышта да, қиындықта да бірге боламын», — деді Месси.
Месси бұл хатты 21 шілдеде, әлем чемпионатының финалынан екі күн өткен соң жазғанын атап өтті. Оның айтуынша, 8 тамызда 68 жасында өмірден өткен әкесі Хорхенің қайтыс болуы бұл шешімінің дұрыстығына көзін одан әрі жеткізген.
Айта кетейік, Лионель Мессидің әкесі Хорхе ұзақ уақыт бойы денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болған. Оның ауырғаны 2026 жылғы әлем чемпионаты кезінде белгілі болған еді
