Шорт-трек жұлдызы Абзал Әжіғалиев спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеді, деп жазады Sportbugin.kz.
Бұл туралы спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
2009 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен ол алдағы уақытта жинаған тәжірибесі мен білімін отандық спортты дамытуға және жас спортшыларға қолдау көрсетуге бағыттайтынын жеткізді.
«Менің спорттағы миссиям аяқталған жоқ. Тек енді ол жаңа деңгейде жалғасады», — деп жазды Әжіғалиев.
Абзал Әжіғалиев — Қазақстан шорт-трегінің тарихындағы ең үздік спортшылардың бірі. Ол төрт Олимпиада ойындарына қатысып, 2018 және 2022 жылдары Қазақстан құрамасының Туын Олимпиада аренасына алып шықты.
2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында 500 метр қашықтықта төртінші орын алып, жүлдеге бір қадам жетпей қалды.
Сондай-ақ спортшы Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алған, Азия ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері әрі Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. 2025 жылғы Азия ойындарында ерлер арасындағы эстафетада алтын медаль иеленді.
