Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың бастамасымен және таеквондо (WT) федерациясының президенті Кудрәт Шамиевтің тапсырмасымен еліміздегі бірқатар спорт мектептеріне арнайы таеквондо жабдықтары табысталды.
Жаңа спорттық құрал-жабдықтар «Шаңырақ» спорт мектебіне, Республикалық спорт колледжіне және Кәркен Ахметов атындағы Республикалық мамандандырылған олимпиада резерві мектеп-интернат-колледжіне берілді.
Жабдықтарды спорт мекемелерінің өкілдеріне Қазақстан таеквондо (WT) федерациясының бас хатшысы Арал Садықов пен федерацияның вице-президенті Сұлтан Қасымов арнайы тапсырды.
Аталған бастама спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жас спортшылардың сапалы жаттығуына қолайлы жағдай жасауға және елімізде таеквондо спортын одан әрі дамытуға бағытталған.
Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясы алдағы уақытта да өңірлердегі спорт инфрақұрылымын қолдау және жас спортшылардың кәсіби деңгейде дайындалуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстарын жалғастырмақ.
