Отандық дизайнер Нұрлыбек Бухпин «Ордабасы» футбол клубының жаңа логотипіне қатысты пікірін білдірді, деп жазады ASnews.kz сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Дизайнердің айтуынша, жаңа логотиптің өзіндік аудиториясы мен жанкүйерлері қалыптасуы мүмкін. Дегенмен, кәсіби тұрғыдан клубтың бұрынғы визуалды келбетін түбегейлі өзгерту қажет болмаған.
«Бұл логотиптің де өмір сүруге құқығы бар, уақыт өте келе өз аудиториясы мен жанкүйерлерін табады. Бірақ кәсіби тұрғыдан қарасақ, сыртқы келбетін мұншалықты түбегейлі өзгертпеу керек еді. Немесе бұған дейін жарияланған салт атты нұсқасын соңына дейін жеткізген дұрыс болар еді. Салт атты мен “ORDA” атауының арасында тығыз байланыс бар», — деді Нұрлыбек Бухпин.
Сондай-ақ спорт-дизайнері эмблема пішінінің қызғалдаққа ұқсайтынын кемшілік деп санамайтынын, алайда монограмманың жасалуына қатысты сұрақтар бар екенін атап өтті.
«Жалпы, “Ордабасының” болашақтағы стилін бақылау қызық. Өйткені ребрендинг — тек логотип емес, ол стратегияның, құндылықтар мен визуалды коммуникацияның өзгеруі. Заманауи әрі керемет дүние жасағысы келген сияқты, бірақ қолдан келгені осы болды», — деді сарапшы.
