Спорт сарапшысы Жұмабек Өмірзақов Өзбекстанның Азия ойындарына қатысатын құрамына қатысты пікір білдірді, деп жазады Sportarena.kz порталына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Жұмабек Өмірзақов өзбек мамандарының құрамды осылай бөлуіне таңғалмайтынын айтты.
«Өзбекстан құрамасының барлық жұлдызын Азиадаға алып бармағаны мені таңғалдырған жоқ. Жаттықтырушылар команданы өте сауатты бөліп отыр. Умматалиев, Муйдинхуджаев және сол Дусматов секілді боксшылар қазір кәсіпқой боксқа басымдық беріп жатыр. Ал 2024 жылғы әлем чемпионы Самандар Олимов секілді жастарды үлкен додада сынап көрмек.
Өзбектер айлакерлік танытты деуге болады. Олар Олимпиадада шарықтау шегіне жетіп, барынша жоғары нәтиже көрсету үшін Азиаданы құрбан етіп отыр», — деді маман.
Жаттықтырушының пікірінше, Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары Жапониядағы додаға психологиялық тұрғыдан мүлде бөлек жағдайда келеді.
«Үш жыл бұрын Ханчжоудағы Азия ойындарында өзбек боксшылары үш алтын медаль жеңіп алды. Толқын Қылышевтің федерация тарапынан сенімі өте жоғары. Сондықтан ол бұл жолы командадан сол нәтижені қайталауды талап етпеуі мүмкін.
Қолдарындағы боксшылардың өзімен-ақ командалық есепте жеңіске жетуге мүмкіндіктері бар. Ал біздің құрама Азиадада 12 жылдан бері жеңіске жеткен жоқ. Сондықтан Қазақстан боксшылары Жапонияға үлкен жауапкершілік жүгін арқалап барады.
Өзбекстан үшін Азиада — біздегідей «маңызды турнир» емес. Олар бұл жарысты Олимпиадаға дайындықтың кезеңі ретінде қарастырады», — деді Жұмабек Өмірзақов.
