Грекияның Афина қаласында еркін күрестен IV халықаралық «ANACHARSIS 2026» турнирі өтті, деп жазады Sportbugin.kz.
32 мемлекеттен 300-ге жуық спортшы қатысқан жарыста Қазақстан намысын Auyl Sport жобасының алты спортшысы қорғады. Нәтижесінде ауылдан шыққан бес жас балуан жүлдеге ие болды.
Алтын медаль: Асанов Явуз – Алматы облысы, Іле ауданы, Екпінді ауылы; Тажаддин Ерасыл – Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылы. Күміс медаль: Серік Амир – Атырау облысы, Тасқала ауылы; Ясыров Сұлтан – Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Сортөбе ауылы. Қола медаль: Аманбай Берік – Алматы облысы, Іле ауданы, Байкент ауылы.
Сондай-ақ Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Софиевка ауылынан келген Омархан Әділ де халықаралық додада Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетті.
Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.
Жарыстан кейін жас балуандар үшін екі күндік халықаралық оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Жиында Қазақстан құрамасының U15–U17 жас санатындағы аға жаттықтырушысы Айдос Лекеров, сондай-ақ АҚШ пен Грекияның аға жаттықтырушылары тәжірибесімен бөлісті.
Айта кетейік, ауыл балаларының спортпен кәсіби айналысуына мүмкіндік беретін Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының Auyl Sport жобасы 2024 жылы басталған. Осы уақытқа дейін жоба 20 мыңға жуық ауыл баласын қамтыды. Биыл жобаның үшінші маусымы басталып, ауыл жастарына спорттағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
