Қазақстан Таеквондо (WT) федерациясы төрешілер алқасының төрағасы Дәурен Алғабаев ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының өту барысы мен төрешілік деңгейіне қатысты пікір білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
Дәурен Алғабаевтың айтуынша, биылғы ел біріншілігі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жарыс барысында төрешілікке қатысты ешқандай наразылық тіркелмеген. Бұған халықаралық деңгейдегі тәжірибелі мамандардың шақырылуы да ықпал еткен.
«Қазақстан чемпионатына әлемнің үздік он төрешесін арнайы шақырттық. Олардың арасында Олимпиада ойындарында төрелік еткен мамандар да бар. Жарысымыз әділ әрі жоғары деңгейде өтіп жатыр. Төрешілікке қатысты ешқандай наразылық жоқ. Бұл — отандық төрешілер үшін үлкен тәжірибе. Олар әлемнің үздік мамандарымен тығыз байланыс орнатып, жаңа ережелерді меңгеріп, кәсіби тұрғыда кеңес алып жатыр.
Қазіргі таңда әлемнің үздік 200 төрешісінің қатарына Қазақстаннан бес маман енді. Бұл — төрешілеріміздің Олимпиада ойындарына іріктелу жолындағы маңызды қадамдардың бірі», — деді Дәурен Алғабаев.
