Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері болып тағайындалған Елдос Сайдалин жаңа қызметіне қатысты пікірін бөлісті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
«Мұндай қызметті сеніп тапсырғаны үшін басшылыққа үлкен алғысымды айтамын. Иә, алда бір ғана лицензиялық турнир қалды. Атқаратын жұмыс көп. Жауапкершіліктен қорқып, қашсам да болатын еді. Бірақ ұлттық құраманы жаттықтыру – менің арманым! Әрі команданың қазіргі жағдайына қанық болған соң, жауапты сәтте жалтару бапкерлігіме сын болар еді.
Бас құраманың қыздарын жақсы білемін. Барлығы да әлемдік деңгейдегі боксшылар. Талай жарыстарда шыңдалған. Сол себепті, бар күшімізді салып, соңғы лицензиялық жарыста мейілінше көп жолдама алуға тырысамыз. Өте мықты команда болатынымызға сенемін», — деді Елдос Сайдалин.
Еске сала кетейік, Елдос Сайдалин 2021 жылдан бері бас бапкер қызметінде болған Шәміл Сафиуллинді алмастырған болатын.