
Еліміздегі талантты жас балуандардың бірі – Бейбарыс Ерғали. Бейбарыс еркін күрес шебері Әлішер Ерғалидің туған інісі. Ағасына қарап бой түзеген Бейбарыс бүгінде бозкілемдегі өз стилін қалыптастырып келеді. Осы орайда, Sportbugin.kz тілшісі жас балуанмен тілдескен болатын.
«Күреске келуіме отбасым себеп болды. Үлкен ағам Дидар да күреспен айналысқан. Өкінішке қарай, тізесінен жарақат алып, спортты тастауға мәжбүр болды. Мені алғаш бозкілемге алып келген — әкем. Ал қызығушылық өзімде де болды”, — дейді ол.
Бейбарыс алғаш рет бозкілемге 4-сыныпта шыққан. Кейін 7-сыныпта арнайы спортшыларға арналған мектепке түсіп, еркін күреске шындап бет бұрды. Қазір Қаркен Ахметов атындағы спорт мектебінің биылғы түлегі.
Алғашқы жаттықтырушысы – Асхат Телекеев. Қазіргі бапкері – Пернебек Белнасар.
«Ол кісі біздің екінші әкеміз секілді. Тек жаттықтырушы емес, тәрбиеші де бола білді», – дейді балуан
Бейбарыс өзіне үлгі болатын балуандарды да ерекше атап өтті Олр: Дәулет Ниязбеков, Самат Дәулетбеков, Нұрқожа Қайпанов және туған ағасы – Әлішер Ерғалидың басты қарсыласы Ризабек Айтмұхан. Айта кетелік, Париж Олимпиадасы қарсаңында Ризабек пен Әлішер белдесіп, соңғысы басым түскен болатын.
«Өткен жылы Азия чемпионатына барғанда бізге барлық жағдай жасалды. Тек форма жағы сәл көңілден шықпады. Жапон палуандарының формасына қатты қызықтық – сапасы мен дизайны өте тартымды еді. Биылғы Азия чемпионатына біз де сондай сапалы, әдемі формамен шыққымыз келеді», — дейді ол.
Балуанның ендігі басты мақсаты — U17 Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алу. Алматы қаласының намысын қорғайтын балуан биік белестерді бағындыруды көздеп отыр.