
Биыл Алматы қаласының балуандары ішкі біріншіліктерде былтырғыдан әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетті. Бұған спортшылардың түрлі жас деңгейінде өткен ел чемпионаттарындағы көрсеткіші дәлел, деп жазады Sportbugin.kz.
Атап айтар болсақ, грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Алматы құрамасы 2025 жылы түрлі жас деңгейінде 19 Қазақстан чемпионын шығарған. Бұл былтырғы нәтижеден екі есеге көп.
Әсіресе, еркін күрес шеберлерінің шоқтығы биік. Алматылық балуандар 2025 жылғы U15 ел чемпионатында 3 алтын (жалпыкомандалық есепте 1-орын), U17 ел чемпионатында 2 алтын (жалпыкомандалық есепте 2-орын) және U20, U23 жас деңгейіндегі ұлттық біріншілікте жалпы есебі 4 чемпион тәрбиелеп, командалық есепте көш бастады.
Бұл былтырғымен салыстарғанда (U15 – 7-орын; U17 – 3-орын; U20 – 2-орын, U23 – 3-орын) төрт алтынға көп.
Әйелдер күресінде де даму байқалады. 2024 жылы алматылық бұрымды балуандар төрт жас деңгейіндегі ел чемпионатын небары 3 алтынмен аяқтаса, 2025 жылы чемпиондар саны екі жарым есеге көбейіп, сегізге жетті.
Биыл алматылық балуан қыздар U15 чемпионатынаан 1 алтын, U 17 біріншілігінде 2 алтын, U 20 турнирінде 3 алтын (командалық есепте бірінші орын) және U23 бәсекесінде 2 алтын жеңіп алған.
Грек-рим күресінде де ерекше серпіліс бар. Былтыр алматылық «классиктер» U15 ел біріншілігінде жүлдесіз қалып, U23 чемпионатында жалғыз қоламен шектелген еді.
Биыл грек-рим күресінің шеберлері 2 чемпион шығарып (U15, U17), U20 Қазақстан біріншілігінде 2 күміс, 1 қола, U23 чемпионатында бір күміс медальға ие болды.
Айта кетелік, Алматы қаласы былтыр ел чемпионатын да жоғары деңгейде өткізген болатын. Федерация президенті – Омар Әлиев