Астанада ауыл балаларының арманына қанат бітірген AUYL SPORT — 2026 республикалық турнирі мәресіне жетті. Бес күнге созылған додада еліміздің 17 өңірінен келген 1700 жас спортшы өзара мықтыны анықтап, 107 медаль сарапқа салынды. Биылғы жарыстың басты ерекшелігі – жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларға ғана емес, олардың туған ауылдарына да қолдау көрсетіледі. Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры үздік нәтиже көрсеткен ауылдарға заманауи спорт алаңдарын салуды жоспарлап отыр.
3-7 қараша аралығында елордада өткен AUYL SPORT — 2026 республикалық турнирі ауыл спортының әлеуетін тағы бір мәрте паш етті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жас спортшылар бес күн бойы намысқа тырысып, жеңіс жолында барын салды. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған додада қатысушылар бокс, еркін күрес, каратэ, баскетбол, волейбол, шахмат, үстел теннисі және шағын футболдан бақ сынады.
Ауқымды іс-шараға ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің вице-министрлері, бұрынғы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, Олимпиада жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, Нұрлан имам және қоғам қайраткерлері қатысты. Қонақтар жас спортшыларға қолдау білдіріп, ауылдағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бастаманың маңызын атап өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышев жобаның ауыл балаларына үлкен спортқа жол ашудағы маңызын атап өтті. Оның сөзінше, баланың спорттағы болашағы туған жерінің шалғайлығына немесе отбасының тұрмыстық жағдайына тәуелді болмауға тиіс.
«Баланың таланты мен жеңіске деген ұмтылысы оның қай жерде туып-өскеніне байланысты емес. Әр ауылда, әр елді мекенде үлкен спортты армандайтын балалар бар. Біздің міндетіміз – олардың сол арманға жетуіне мүмкіндік жасау. Бүгінгі қатысушылардың әрқайсы айлар бойы жаттығып, республикалық жарысқа жолдама алды. Мұның өзі – үлкен жетістік. Өйткені балалар спортына салынған инвестиция – елдің денсаулығына, болашағына салынған инвестиция», — деді Нариман Мұқышев.
Ол биылғы турнирдің Halyk қайырымдылық қорының 10 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келгенін де атап өтті. Қор осы уақыт аралығында білім, спорт, мәдениет, экология және өзге де әлеуметтік бағыттарда 200-ден астам жобаны жүзеге асырған. Жас спортшыларды қолдауға келген Олимпиада жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевтың қатысуы да балалар үшін ерекше оқиға болды. Әлемдік ареналарда ел намысын қорғаған боксшының спорттық жолы ауылдан шыққан өрендерге үлкен мақсат қоюға болатынын көрсетеді.
«Мен де бала кезімде үлкен рингке шығып, Қазақстанның намысын қорғауды армандадым. Ол кезде Олимпиада ойындарына қатысамын деп нақты елестете де алмадым. Бірақ күн сайын жаттығып, алға ұмтылдым. Бүгін осы жерде тұрған балалардың арасынан болашақ Олимпиада чемпиондары шығатынына сенемін. Ең бастысы — армандарыңнан таймаңдар. Жеңіске жету үшін талантпен бірге еңбек, тәртіп және төзім керек», — деді Қамшыбек Қоңқабаев.
Ата-әжесінің қуанышын еселеген жас чемпион
AUYL SPORT — 2026 турнирінде тартысты бәсекелермен қатар, көпшіліктің көңілін толқытқан әсерлі сәттер де болды. Соның бірі – атасы мен әжесіне берген уәдесін орындап, алтын медаль жеңіп алған жас спортшының қуанышы. Былтыр оның атасы мен әжесі Halyk қайырымдылық қорының қолдауымен Меккеге барып қайтқан. Сол кезде немересі үлкен жарыста топ жарып, жақындарын қуантуды мақсат еткен екен. Биыл жас өрен сол арманына жетіп, республикалық турнирде жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. «Былтыр атам мен әжем Halyk қорының қолдауымен Меккеге барып келді. Сол кезде мен де алтын алып, оларды қуантамын деп өзіме серт берген едім. Бүгін, міне, сол уәдемді орындадым. Бұл жеңісімді атам мен әжеме, ата-анама арнаймын. Ендігі арманым — халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғап, көк туымызды желбірету», — дейді жас чемпион.
Атырау мен Алматы облысы алтын саны бойынша көш бастады
Турнир қорытындысында өңірлердің медальдық есебі жасалды. Жарыс барысында барлығы 107 медаль табысталды. Оның 30-ы алтын, 30-ы күміс, 47-сі қола. Алтын медаль саны бойынша Атырау мен Алматы облыстары көш бастады. Екі өңірдің спортшылары да бес-бестен алтын медаль иеленді. Атырау облысының қоржынында бұған қоса үш күміс, үш қола жүлде болса, Алматы облысының өрендері екі күміс, сегіз қола медаль жеңіп алды. Маңғыстау облысының спортшылары төрт алтын, үш күміс және үш қола медальмен үздіктер қатарынан көрінді. Жамбыл облысының өкілдері үш алтын, үш күміс, бір қола жүлдеге қол жеткізсе, Ақмола облысының спортшылары үш алтын медаль иеленді.
Ал жалпы медаль саны бойынша Түркістан облысы алға шықты. Өңірдің жас спортшылары екі алтын, жеті күміс және жеті қола медаль жеңіп алып, барлығы 16 жүлдеге қол жеткізді.
Үш жылда 10 ауылда жаңа спорт алаңы салынбақ
AUYL SPORT — 2026 турнирінің басты жаңалығының бірі — ауылдардағы спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бастама. Halyk қайырымдылық қоры үздік нәтиже көрсеткен ауылдарда балалардың жыл бойы спортпен айналысуына мүмкіндік беретін ашық спорт алаңдарын салуды жоспарлап отыр. Жоба аясында еліміздің 10 ауылында баскетбол, волейбол, шағын футбол және дене шынықтыру жаттығуларына арналған көпфункционалды спорт алаңдары бой көтермек. Алғашқы үш нысанның құрылысы биыл жеңімпаз болған командалардың ауылдарына салынса, қалған жетеуі келесі кезеңдерде салынады. Жаңа спорт алаңдары тек турнир жеңімпаздарына ғана емес, сол ауылдарда тұратын барлық балаларға қолжетімді болмақ. Бұл бастаманың маңызы тек жаңа нысан салумен шектелмейді. Жеңімпаз атанған бір баланың жетістігі енді туған ауылындағы жүздеген өреннің спортпен шұғылдануына жол ашуы мүмкін.
400-ден астам ауыл, 12 мың бала: жобаның ауқымы кеңейіп келеді
AUYL SPORT жобасының үшінші маусымында еліміздің 17 өңіріндегі 400-ден астам ауылдан 12 мың бала спортқа тартылды. Олардың арасынан іріктелген 1700 жас спортшы республикалық финалда бақ сынады. Салыстырмалы түрде айтсақ, алғашқы маусымда финалға 1300 бала қатысқан.
Жыл сайын жарыс бағдарламасы да кеңейіп келеді. Былтыр үстел теннисі қосылса, биыл алғаш рет шағын футболдан сайыс ұйымдастырылды. Республикалық финалдың жүлде қорына 15,5 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Қатысушылардың жол жүру, тұру және тамақтану шығындарын Halyk қайырымдылық қоры толық өтейді. Бұл шалғай ауылдардағы талантты балалардың отбасының қаржылық жағдайына қарамастан, республикалық деңгейде бақ сынауына мүмкіндік береді.
Ауылда шыңдалған таланттар халықаралық жарыстарда да топ жарып жүр
AUYL SPORT жобасы аясында танылған жас спортшылар халықаралық ареналарда да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. 2025 жылы Сербияда өткен ISF U-15 Гимназиадасында жоба қатысушылары үш алтын және бір қола медаль жеңіп алды. Биыл Түркияда ұйымдастырылған волейбол турнирінде Жансүгіров ауылының қыздары мен Өтеген батыр ауылының ұлдары чемпион атанды. Ташкентте Назерке Болатбек үстел теннисінен күміс жүлде иеленсе, Ақтауда Қуандық Базархан мен Сұлтан Құдайберген каратэден алтын медаль жеңіп алды. Ал Ыстықкөлдегі баскетбол жарысында Қоңырөлең мен Әулиекөл ауылдарының командалары қола жүлдеге қол жеткізді.
Бұл жетістіктер ауылдағы талантты балаларға мүмкіндік берілсе, олардың халықаралық деңгейде де бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді.
Жеңістің артында бапкердің еңбегі бар
AUYL SPORT жобасы жас спортшылармен қатар, оларды үлкен додаға дайындайтын ауыл жаттықтырушыларына да қолдау көрсетіп келеді. Биыл еркін күрестен ұйымдастырылған арнайы семинарға еліміздің 17 өңірінен 50-ден астам маман қатысты. Олар кәсіби тәжірибесін жетілдіріп, жас спортшыларды дайындаудың тиімді тәсілдерімен танысты. Сондай-ақ үш қалада халықаралық сарапшы Уве Бремнің қатысуымен шахмат жаттықтырушыларына арналған оқыту курстары өтті. Нәтижесінде ауылдық жерлерде еңбек ететін 50-ден астам жаттықтырушы біліктілігін арттырып, шахмат үйретудің заманауи әдістерін меңгерді. Жаттықтырушыларды қолдау – жобаның маңызды бағыттарының бірі. Өйткені ауылдағы баланың алғашқы жеңісінен бастап үлкен спортқа қадам басуына дейінгі жолында бапкердің еңбегі ерекше.
Ауылдың арманы — елдің ертеңі
AUYL SPORT — 2026 республикалық турнирі мәресіне жетті. Жеңімпаздар анықталып, медальдар табысталды. Бірақ ауыл балалары үшін бұл жарыстың жемісі мұнымен шектелмейді.
Кеше ауылдың шағын спорт залында жаттыққан бала бүгін республикалық додада топ жарып жүр. Ал ертең оның ізін басқан өрендер жаңа спорт алаңында шынығып, ел намысын халықаралық жарыстарда қорғауы әбден мүмкін. Ең бастысы, бір баланың жеңісі енді өзімен ғана шектелмей, туған ауылындағы басқа балаларға да жаңа мүмкіндік сыйламақ.
AUYL SPORT жобасының көздегені де осы — ауылдағы талантты танып, талабын ұштау, үлкен спортқа жол ашу және әр баланың туған жерінде шыңдалуына жағдай жасау.
Өйткені ауылдан шыққан әр чемпионның жеңісі — тұтас елдің мерейі.
