Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ХХ жазғы Азия ойындары мен V Азия пара ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды қабылдап, бірқатарына мемлекеттік наградалар табыстады, деп жазады Sportbugin.kz.
Ақордадағы қабылдауға ескек есуден Қазақстан құрамасының өкілі, Азия ойындарының чемпионы Иван Чернухин де қатысты.
«Мен негізі Оралданмын, шағын ауылдан шыққанмын. Алтын медальмен туған жеріме, жақындарыма оралғанымда, олар қатты қуанды. Меніңше, мен үшін бүкіл ауылым, туған-туыстарым, көршілерім жанкүйер болды.», — деді Иван Чернухин.
Сондай-ақ спортшы алдағы мақсаты Олимпиада ойындарына лицензия жеңіп алу екенін жеткізді.
«Алда Олимпиада ойындары бар. Лицензия алу керек. Алдағы жоспарым – сол», – деді ол.
Айта кетейік, Иван Чернухин мен Владислав Яковлев ерлер арасында рулі жоқ қос ескекті қайықпен жарысудан А финалында жеңіске жетті. Қазақстандық жұп қашықтықты 6 минут 25,13 секундта бағындырып, Қытай мен Өзбекстан өкілдерін басып озды.
