

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев XX жазғы Азия ойындары мен V Азия пара ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен қазақстандық спортшыларды қабылдап, бірқатар спортшыға мемлекеттік наградалар табыстады, деп жазады Sportbugin.kz.
Қабылдауға қатысқан спортшылардың қатарында бокстан Қазақстан құрамасының капитаны, Азия ойындарының жеңімпазы Айбек Оралбай да болды. Кездесуден кейін боксшы Мемлекет басшысының қолдауы үшін алғысын білдіріп, алдағы басты мақсаттарын бөлісті.
«Президентіміз бізді әрбір ірі жарыстан кейін Ақордаға шақырып, марапаттап, қолдауын білдіріп, ақыл-кеңесін айтып жатады. Сол үшін үлкен алғысымды білдіремін. Азия ойындары өте жақсы өтті. Елге чемпион болып оралып жатқанымызға өте қуаныштымыз.
Бұйырса, келесі жылы өз елімізде өтетін әлем чемпионатында Олимпиада ойындарының лицензиясын жеңіп алып, Президентіміздің көзінше әлем чемпионы атанғымыз келеді. Мен әлемнің екі дүркін чемпионы болуды мақсат етіп отырмын. Сонымен қатар Олимпиадаға лицензия алып, сол додада жеңімпаз атанғым келеді. Маған әзірге Олимпиада алтыны жетіспейді. Сол мақсатқа жету үшін еңбек етеміз.
Нұрбектің де чемпион болғанын қаладым. Ол жеңілген кезде менің де көңіл-күйім түсіп кетті. Бұйырса, бұл оған сабақ болды деп ойлаймын. Ал өзіме келсем, жоғары салмақтағы қарсыластарымның барлығымен кездесіп көрдім. Қазір олардың бокс мәнеріне бейімделдім», — деді ұлттық құрама капитаны.



