

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев XX жазғы Азия ойындары мен V Азия пара ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен қазақстандық спортшыларды қабылдап, бірқатар спортшыға мемлекеттік наградалар табыстады, деп жазады Sportbugin.kz.
Ақордадағы қабылдауға бокстан Қазақстан құрамасының өкілі, Азия ойындарының чемпионы Төрехан Сабырхан да қатысты.
«Өте керемет сезім. Бір жыл бұрын әлем чемпионатынан кейін бокстағы ағаларымызбен бірге келгенбіз. Сол кезде Президентімізден «Құрмет» орденін алған болатынмын. Бүгін Азия ойындарының чемпионы болып келіп, тағы да алғыс хат алып жатырмын. Қатты қуанып тұрмын, сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Келесі жылы өтетін әлем чемпионатында ағам екеуміз қатар чемпион болып, Ақордаға тағы да келгіміз келеді», — деді Төрехан Сабырхан.
Сондай-ақ боксшы Азия чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін өзіне үлкен мақсат қойғанын айтты.
«Азия чемпионатындағы есемді қайтаратыныма 200 пайыз сенімді болдым. Ол жарыста кішкентай ғана қателік жіберіп, есе жіберіп алдым. Сол кезде өзіме Азия ойындарында қалай да еліме алтын әкелемін деп мақсат қойдым. Нәтижесінде қарсыластарымды 5:0 есебімен жеңіп, алтын медальмен оралдым», — деді.



