

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда өткен V Азия пара ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдап, құрмет көрсетті, деп жазады Sportbugin.kz.
Азия пара ойындарының чемпионы Жұрқамырза Шүкірбеков Ақорда төрінде Президентпен жүздесудің өзі үшін ерекше сәт болғанын айтты. Спортшы бір кездері курьер болып жұмыс істегенін еске алып, бүгінгі жетістігін үлкен еңбектің нәтижесі деп бағалады.
«Курьер болып жүрген кезімде спортқа қайта оралып, бір күні Ақорда төрінен бір-ақ шығамын деп ойламаппын. Маңызы зор жарыстардың бірінде алтын медаль жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Президенттің алдына кіргенде іштей қобалжу болды. Азия пара ойындарында парадзюдодан Қазақстан құрамасы бес алтын медаль жеңіп алды. Алдағы жарыстарға да дайындалып, ел намысын абыроймен қорғауға тырысамыз. Бізге қолдау көрсеткен ағаларымызға, бапкерлерімізге алғыс айтамын», — деді Жұрқамырза Шүкірбеков.



