
Елдос Сметов 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысуы мүмкін. Бұл туралы спортшының бапкері Ғалымжан Жылгелдиев Aqyrys Seitqazy YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
«Елдос жеңемін десе, жеңеді. Ол Париж Олимпиадасынан кейін: «Ағай, мен күресті, Олимпиаданы қалай ұту керектігін енді түсіндім», — деді. Демек, Олимпиаданы тағы даа ұтамын десе, ұтады. Жеңемін десе, жеңеді. Мен Елдосты жақсы білемін ғой. Ол енді оянып жатыр.
Париждегі финалдық белдесудің алдында ол өзіне өте сенімді болды. «Ағай, уайымдамаңыз. Мен жеңемін», — деп нық сеніммен айтты», — деді Жылгелдиев.
Еске салайық, Елдос Сметов өз мансабында үш Олимпиадаға қатысып, үшеуінде де жүлде алды.
2016 жылғы Рио ойындарында күміс, 2021 жылғы Токио Олимпиадасында қола, 2024 жылғы Париж Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды.