Спорт шолушысы Ғалым Сүлеймен бокстан ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Қайрат Сәтжановтың жаңа қызметке тағайындалуын журналистердің жеңісі деп атады. Бұл туралы Sportbugin.kz хабарлайды.
«Қайрат Сәтжановты қатарынан екінші рет қызметінен алып тастағанда, қатты наразы болдым. Егер нәтиже жоқ болса, әңгіме айтпаймын. Бірақ екі әлем чемпионатынан уыстап алтын әкелген бапкерді дәл осылай жұмысынан қуу кімнің басына келді екен?! Бұл шешімді түсінбедім. Оның үстіне, Олимпиада ойындары да қыр астында тұр.
Десе де, пендеміз ғой, Қайрат Сәтжановқа қымбат көлік пен пәтер беріп, вице-президент қызметіне тағайындағанда, қуанып қалдым. Қай бапкерді бұлай шығарып салып еді? Әбдісалан Нұрмаханов, Тұрсынғали Еділов, Ермахан Ыбырайымов, Дамир Буданбековтердің командадан қалай кеткенін көрдім.
Сондықтан, федерацияның Сәтжановқа жанталасып сыйлық беріп, жаңа қызметке отырғызуы — қоғамда резонанс тудырған журналистердің арқасы. Сол себепті, бокс басшылары журналистермен санасуы керек», — деді Ғалым Сүлеймен.
Айта кетелік, бокстан бұрынғы бас бапкер Қайрат Сәтжанов федерацияның вице-президенті қызметіне тағайындалды.
