Қазақ спортында егіз спортшылар өте көп. Бокста Айбек пен Нұрбек Оралбай, күресте Жәмила мен Мәдина Бақбергеновалар, дзюдода Ғұсман мен Ғұмар Қырғызбаевтар халыққа тез танылды. Енді таеквондо спортында да талантты егіздер өсіп келе жатыр. Sportbugin.kz сайтының бүгінгі кейіпкерлері – Нұрәли және Мұхамедәли Махмұд.

Нұрәли мен Мұхамедәли — Алматы қаласының тумалары. Олар жеті жасында таеквондоға қадам басқан. Кішкентай егіздердің бір-бірімен жиі төбелесіп қалатынын көрген ата-анасы бірден спортқа беру туралы шешім қабылдайды. Бүгінде сол шешім жемісін беріп, екі спортшы отандық таеквондоның үкілеген үмітіне айналды.

Былтыр Шымкентте өткен жастар арасындағы Қазақстан біріншілігінде екі спортшы да өз салмақтарында чемпион атанды.
«Қазір Нұрәли екеуміз екі салмақта шығып жүрміз. Бұл екеумізге де ыңғайлы, себебі, қос алтын алатын мүмкіндігіміз бар. Ал Kazakhstan Open турнирінде бір салмақта сынға түсіп, күміс пен қоланы қанағат тұттық. Екеуміз де болашақ чемпионға жол бердік. Негізі, егіз болған соң, біздің қайсымыз мықты екенін көргісі келетіндер көп. Жекпе-жек кезінде үнемі тең түсеміз. Ал өзім Нұрәлиді мықтырақ санаймын. Әрине, өзімді төмендетіп тұрғам жоқ, бірақ сыңарыма қаттырақ сенетінімді жасырмаймын», — дейді Мұхамедәли.

Нұрәли мен Мұхамедәли түрлі жас деңгейіндегі Қазақстан чемпионаттарын түгел жеңіп шықты. Екеуі алдымен кадеттер арасында, кейін жасөспірімдер арасында, содан соң — жастар арасында Қазақстан чемпионы атанған.

«Біз үшінші рет ел чемпионатында топ жардық. Енді ересектер арасындағы белесті бағындырғымыз келеді. Қазақстан таеквондосының тарихында болмаған нәрсені көрсетсек дейміз. Отандық таеквондо спортының дамуына өлшеусіз үлес қосып, ел намысын абыроймен қорғауды армандаймыз», — дейді Мұхамедәли Махмұд.

Соңғы ел чемпионатында Нұрәли 59 келіде, Мұхамедәли 63 келіде қарсылас шыдатқан жоқ.
«Біздің таеквондо спортына деген махаббатымыз шексіз. Залға бірінші келгенде-ақ ұнаған. Қазір өмірлік ұстанымға айналды. Оның үстіне, сыңарың да сынға түсіп жатқанын көру – екі есе жауапкершілік. Өзім жарысты жақсы аяқтасам да, сыңарым Мұхамедәли медаль алмағанша, көңілім көншімейді. Өзім жеңгендегі сезім — бір бөлек, ал сыңарым жеңгендегі сезім – тіпті, ерекше. Даянгқа шыққанда, өзімнен бұрын, қасымдағы сыңарым үшін қатты алаңдаймын. Бір құрсақты бөліскен соң, бір-бірімізге деген қолдаудың да мықты болуы заңды шығар. Қазір біз тынымсыз еңбектеніп, Қазақстан атын әлемге танытсақ деген арман жетегінде жүрміз. Әлем чемпионатына бірге барамыз. Бұйырса, жеңіспен оралуды жазсын», — дейді Нұрәли Махмұд.

