Ташкент төрінде аяқталған таеквондодан жастар арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы бес медаль жеңіп алды. Оның ішінде біз 20 жыл күткен алтын жүлдені 16 жастағы Айым Серікбаева еншіледі. Осы орайда, Айымның жеке бапкері Еркебұлан Ермекәлиев Sportbugin.kz тілшісіне шағын сұхбат берген болатын.
Еркебұлан Айымды он жасынан бері жаттықтырып келеді. Бұған дейін оның шәкірті Азия чемпионаты мен жасөспірімдер Азиадасында топ жарып үлгерген.
«2019 жылы Жамбыл ауданы Шайқорық ауылына жаттықтырушы болып бардым. Барған бойда таеквондоға қызығатын балаларды жинай бастадым. Солардың арасында Айым да болды. Шәкіртім бірден көзге түсті. Сол кезде-ақ оның мінезді екені байқалып түратын. Өте салқынқанды, талапшыл, бапкердің айтқанын бұлжытпай орындайтын спортшы. Содан бері Айым екеуміз де бірге өсіп келеміз», — дейді бапкері.
Айым Серікбаева Ташкент төрінде бірнеше кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті.
«Жартылай финал мен ақтық сындағы жекпе-жектер өте тартысты өтті. Бұл бәсекелерде Айымның шеберлігі де, тәжірибесі де өсті. Қазір шәкіртім Астанадағы колледжде білім алады. Мен де елордамыздағы спорт мектебінде жұмыс істеймін. Біз мұнымен тоқтамай, әлі де биік шыңдарды бағындыруға күш саламыз. Осы орайда, бізді барлық жағынан қолдаған Қазақстан таеквондо федерациясының басшылығына, бапкерлер қауымына және жанкүйерлерге ерекше алғыс айтамыз», — деді Еркебұлан Ермекәлиев.
Айым Серікбаева 16 жаста. Ол үйдегі үш баланың ортаншысы. Өзі Астанада білім алса, анасы мен бауырлары Шайқорық ауылында тұрады. Ол Қазақстанға 20 жыл күткен әлем чемпионатының алтынын сыйлады.
Сондай-ақ, Айым Серікбаева Word Taekwondo шешімімен әлем чемпионатының ең үздік спортшысы атанды.
