Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың жалақы мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
«Мен Қазақстан спортының әр кезеңін көрген адаммын. Спортшы ретінде де, Олимпиада чемпионы ретінде де талай нәрсенің куәсі болдым. Сондықтан бүгінгі жағдайды бұрынғы кезеңмен салыстыруға толық құқығым бар. Соңғы жылдары спорт саласына жаңа көзқарас қалыптасты. Бұрын ескерусіз қалған Олимпиада және әлем чемпионаттарының жүлдегерлері қайтадан жүйеге тартылып, олардың тәжірибесі бағалана бастады», — деді Сәрсекбаев.
Сондай-ақ ол Михаил Шайдоровтың төңірегінде туындаған даудың кейбір адамдардың мүддесіне пайдаланылып кетуінен қауіптенетінін жасырмады.
«Сол үшін де мен Михаил бауырымның төңірегіндегі шуға алаңдаймын, біреулер өз пайдасына пайдаланып кете ме деп. Басымыздан өткен жағдай ғой. Чемпион болсаң, жанашыр да көп, ақыл айтатындар да көп болады. Бәрі шешіледі, Миша!» — деп жазды Олимпиада чемпионы.
Еске салайық, соңғы күндері Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр.
