Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) өкілдері Астанаға жұмыс сапарымен келіп, 2026 жылғы Grand Prix Final Astana турнирі мен 2027 жылғы ересектер арасындағы әлем чемпионатына дайындық барысымен танысты, деп жазады Sportbugin.kz.
Халықаралық делегация жарыстар өтетін спорт нысандарын аралап, инфрақұрылымның дайындығын бағалады. Сондай-ақ ұйымдастыру, техникалық қамтамасыз ету және логистика мәселелері талқыланды.
Кездесуге Қазақстан таеквондо (WT) федерациясының президенті Кудрәт Шамиев, Туризм және спорт вице-министрі Бауыржан Рапиков және Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин қатысты.
Тараптар 2026 жылғы Grand Prix Final Astana турнирі мен 2027 жылы Қазақстанда өтетін әлем чемпионатын өткізу жоспарын пысықтады. Әлем біріншілігі Қазақстан мен Орталық Азиядағы таеквондо спорты үшін маңызды оқиға болмақ.
Сапар қорытындысы бойынша World Taekwondo өкілдері дайындық жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
