Таеквондодан ұлттық құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтанов Азия ойындарына дайындық барысы айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Бас бапкердің айтуынша, Қазақстан құрамасы құрлық додасына жоспарлы түрде дайындалып жатыр. Азия ойындарына ұлттық құрамадан жеті спортшы қатысады. Оның төртеуі — ерлер, үшеуі — әйелдер құрамасының мүшесі.
«Азия ойындарына жоспарлы түрде дайындалып жатырмыз. Қазір физикалық дайындық кезеңін бастадық. Алда халықаралық оқу-жаттығу жиыны және өзіміздің жабық оқу-жаттығу жиыны жоспарланған. Сондай-ақ Азия ойындарының алдында спортшылардың дайындығын пысықтайтын тағы бір жарысымыз бар.
Азия ойындары өте тартысты өтеді. Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Қытай Тайбэйі, Иран, Өзбекстан және Таиланд секілді мықты құрамалар бақ сынайды. Соңғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы екі қола медаль жеңіп алған болатын. Бұл жолы сол нәтижені жақсартып, алтын жүлде үшін күресуді мақсат етіп отырмыз. Егер спортшыларымыздың дайындығы, денсаулығы мен психологиялық жағдайы жақсы болса, жоғары нәтижеге қол жеткізуге толық мүмкіндік бар», — деді бас бапкер.
