Венгрияда өтіп жатқан күрес түрлерінен рейтингтік турнирде қазақстандық балуан Ризабек Айтмұхан жарысты мерзімінен бұрын аяқтады, деп жазады Sportbugin.kz.
97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жартылай финалға дейін жеткен Ризабек Айтмұхан словакиялық Батырбек Цакуловқа қарсы белдесуге шықпады.
Алдын ала мәлімет бойынша, әлем чемпионының денсаулығына байланысты бозкілемге шығуына мүмкіндік болмаған.
Осылайша, жанкүйерлер тағатсыздана күткен Ризабек Айтмұхан мен Бахрейн намысын қорғайтын Олимпиада чемпионы Ахмед Тәжудинов арасындағы белдесу өтпейтін болды.
Айта кетейік, Ахмед Тәжудинов жартылай финалда польшалық Збигнев Барановскиді 10:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіп, финалға жолдама алды.
