Грек-рим күресінен 20 жасқа дейінгілер арасында Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнирдің алғашқы жеңімпаздары белгілі болды.
Төртінші мәрте ұйымдастырылып жатқан бәсекеде Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Ресей және алғаш рет Бельгия, Хорватия, Украина, Сауд Арабиясы мемлекеттері өз балуандарын алып келді. Бұл елдер саны бойынша өзіндік рекорд саналады.
10 салмақ бойынша жүлде жиынтығы сарапқа салынып жатқан жарыста 234 боз кілем шебері бас қосты.
Марқұм Жақсылық Үшкемпіровтің көмекшісі Самат Баймұханов турнир 2017 жылдан бері халықаралық дәрежеге көтеріліп, жыл күнтізбесіне енгізілгенін айтты.
«Биыл Париж Олимпиадасы өтетіндіктен, осы жарысты ерте ұйымдастырып жатырмыз. Бірақ бір артықшылығы — біршама ел Олимпиадаға дайындық мақсатында арнайы түрде келіп, жарыс көркін қыздырып жатыр.
Күрес түрлерінен әлем чемпионаты, Азия чемпионатын қабылдаған «Жекпе-жек» сарайы уақыт өткен сайын деңгейі жоғарылап барады. UWW-дан келген делегат та алдағы уақытта осы жерде әлем чемпионатын өткізу туралы идеясын барын жасырмады», — деді ол.
Баймұханов мемлекеттер жоғары сыйақы, уақыттың қолайлығына байланысты келер жылы қатысуға қызығушылық білдіріп жатқанын жасырмады.
Жарыс жеңімпаздары ақшалай сыйақы (1-орын — 1,5 млн теңге, 2-орын — 1 млн теңге, 3-орын — 500 мың теңге, чемпионның бапкері — 100 мың теңге) және медальдармен марапатталды.