Бокстан Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Бақыт Сәрсекбаев Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасын қорытындылады, деп жазады Sportbugin.kz.
Олимпиадаға Қазақстан ерлер командасынан Бибарыс Әшірбай ғана қатысып, күміс медальға ие болды.
«Бибарыстың өнеріне жақсы баға беремін. Екі ірі жарыстың да финалына шыққаны оның жақсы спортшы екенін көрсетеді. Олимпиаданың ақтық сынында оған сәл ғана тәжірибе жетіспеген сияқты. Біз қойған тактикадан ауытқып кетті. Қарсыласы ұлыбританиялық боксшы да қара жаяу емес екен. Әрине, алтын болғанда деген өкініш бар іште. Бибарыстың да айтарлықтай көңіл-күйі жоқ. Десе де, әзірге бар нәтиже осындай. Біздің боксшы жауапкершілікті қатты сезінген сияқты. Бұл жарыс Бибарыс үшін үлкен тәжірибе. Енді ол ересектер қатарында өзін көрсетуге дайын, мен оған сенімдімін», — деді аға бапкер.
Айта кетелік, Дакарда өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасының финалында Бибарыс Әшірбай Ұлыбритания өкілі Майкл Моэнге жол берді.
