Бокстан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Дакардағы Олимпиада ойындарында алтынсыз қалды. Ал көршілес Өзбекстан екі алтынмен көш бастады. Осыған қатысты Бақыт Сәрсекбаев пікір білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
«Қазақстан мен Өзбекстан үш боксшысын жарысқа қосты. Біздің екі боксшымыз финалға шығып, біреуі қола еншіледі. Өзбекстанға екі алтынды да қыздар сыйлады. Ал олардың ерлер құрамасындағы жалғыз үміті Иброхим Шокиржонов алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалды. Бірақ оны жерлестері сөгіп жатқан жоқ. Керісінше, қолдап, ақ жол тілеп жатыр.
Бізде қалай? Бізде бір боксшы сүрінсе оны жабылып жамандайды. Ертең сол боксшы жеңіске жетсе, қайтадан бәрін ұмытып кетеді. Сондықтан, жас боксшыларды қолдап отыру керек. Бибарыс Әшірбай әлем чемпионатының да, Олимпиаданың да финалына шықты. Екі доданың арасы жақын әрі климатқа бейімделу қиын болғанына қарамастан, бар өнерін салды. Болашағы бар бала, ересектер арасында көзге түсеріне сенімдімін. Сондықтан, салыстыра бермей, қолдаған дұрыс», — деді Сәрсекбаев.
Еске салайық, Бақыт Сәрсекбаев Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы қызметін атқарады.
