ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Бусто-Арсициода бокстан Қазақстан ерлер және әйелдер командасымен кездесті.
Қазіргі уақытта отандық боксшылар Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысып жатыр.
Осы орайда ҚР ҰОК басшысы Италияға арнайы келіп, бейресми жағдайда спортшылармен кездесті. Ол іріктеу турнирінің ең жауапты кезеңі алдында өз кеңесін бөлісіп, қолдау көрсетті.
«Мен мұнда біздің командамызға қолдау көрсету үшін келдім. Мен де кезінде сіздердің орныңызда болған қарапайым адам екенімді көргендеріңізді қаладым.
Қазір әрқайсыңызда үлкен жауапкершілік тұр. Міне, осының бәрін қабылдай білу қажет. Шаршы алаңда үш раунд бойы бар күшті салып, мүмкіндікті жібермеу керек. Қазақ бокс мектебі әлемдегі ең мықты мектеп саналады. Сондықтан бізге бұл дәстүрді жалғастыру үшін аянбау керек екенін ұмытпайық.
Біз бәріміз бір командамыз! Мен үнемі сөздермен біргемін, әрдайым қолдауға дайынмын», — деді Головкин бапкерлер мен боксшыларға.
Ол спортшыларға бір-біріне қолдау көрсетіп, Қазақстан намысын абыроймен қорғауға тілектестік білдірді.
«Бізге қолдау көрсетіп, рухымызды көтергеніңіз үшін алғысымыз шексіз. Сізді көргеніміз үшін шын жүректен қуаныштымыз. Біздің мақсатымыз бір — еліміз үшін лицензия алу. Алдағы басты мақсатымыз айқын, қолымыздан келгенше аянып қалмаймыз», — деді ерлер командасының капитаны Асланбек Шымбергенов.