Әсем Орынбай Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында стенд атудан қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Скит бағдарламасынан әйелдер арасындағы жекелей сында отандасымыз финалда 28 нысананы дәл көздеп, үшінші орынға ие болды.
Алтын медальді Қытай өкілі Цзян Итин 35 нысанамен жеңіп алды. Таиланд спортшысы Исарапа Импрасертсук 31 нысананы дәл көздеп, күміс жүлдеге қол жеткізді.
Қазақстанның тағы бір өкілі Зоя Пискун финалды 18 нысана нәтижесімен алтыншы орында аяқтады.
Бұл — Әсем Орынбайдың Аичи-Нагоядағы екінші медалі. Бұған дейін ол Зоя Пискун және Адель Садақбаевамен бірге командалық есепте күміс жүлде иеленген.
Айта кетейік, Әсем Орынбай Азия ойындарында скиттен жекелей сында қатарынан екінші рет қола медаль жеңіп отыр. Ол 2022 жылы Ханчжоуда өткен Азиадада да осы бағдарлама бойынша үшінші орын алған. Сондай-ақ сол додада әйелдер арасындағы командалық және аралас командалық сайыстарда чемпион атанған.
