Белгілі бапкер Тұрсынғали Еділов Сабыржан Аққалықовтың жеңілісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Бапкердің айтуынша, Аққалықов маңызды турнирлерде өзін толық көрсете алмай жүр. Ол боксшының психологиялық тұрғыдан қиындыққа тап болып жүргенін атап өтті.
«Бір жыл бұрын Ливерпульде өткен әлем чемпионатында да дәл осындай жағдай болды. Сабыржан бүкіл турнирдің фавориті саналды, бірақ алғашқы жекпе-жегінен кейін жарыстан шығып қалды. Ал Азия чемпионатында, әлем кубогының кезеңдерінде өте жақсы өнер көрсетеді. Бұл оның ең қажет сәтте өзін көрсете алмауында психологиялық мәселе бар екенін аңғартады. Негізінде ол өзбекстандық Еркінбоевқа Азиаданың “алтынын” өзі беріп қойды. Ливерпульдегі жеңіліс те сондай болды», — деді Тұрсынғали Еділов.
Айта кетейік, Сабыржан Аққалықов Азиада-2026 ойындарында 80 келіге дейінгі салмақта Оңтүстік Корея өкілі Минсон Кимнен төрешілердің шешімімен 2:3 есебімен жеңіліп қалды.
