IBA ұйымдастыратын 2027 жылғы әлем чемпионатының жеңімпаздары 1 миллион доллардан сыйақы алады. Бұл туралы IBA президенті Умар Кремлев Стамбулдағы баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп жазады Sportbugin.kz.
Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 20 миллион долларды құрайды. Салыстырмалы түрде, 2025 жылы Дубайда өткен әлем чемпионатында жүлде қоры 8 миллион доллар болған.
Қазіргі таңда әуесқой бокста IBA және президенті Геннадий Головкин болып табылатын World Boxing ұйымдары қатар жұмыс істеп келеді. World Boxing 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарындағы бокс жарысын ұйымдастыруға жауапты.
Умар Кремлев болашақта екі ұйымның бірігу мүмкіндігіне қатысты пікір білдіріп, IBA диалогқа ашық екенін айтты.
«Біз ашықпыз. Арамызда дау немесе қақтығыс жоқ. Ең бастысы — боксшыларға қолайлы болуы. Біз диалогқа дайынбыз», — деді ол.
