Танымал спорт журналисі Аслан Қаженов өзіне қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді, деп жазады Sportbugin.kz.
Журналистің айтуынша, Азия ойындары кезінде отандық спорттағы мәселелерді ашық айтып, Ұлттық олимпиадалық комитет басшылығын сынағаннан кейін одан әлеуметтік желідегі жазбасын өшіру және жұмыстан өз еркімен кету талап етілген. Талапты орындамаған жағдайда заң бойынша қудалайтыны айтылған. Ол отбасының қауіпсіздігі үшін Геннадий Головкинге қатысты жазбасын өшіруге мәжбүр болғанын жеткізді.
Журналист осы жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, қазақ спортындағы мәселелерді ашық айтуға құқығы бар екенін мәлімдеді.
Оны бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев та қолдап, Аслан Қаженовті ел спортына қажет, турасын айтатын мықты журналист ретінде бағалады.
Айта кетейік, Аслан Қаженов осыдан бірер сәт бұрын жұмыстан кетпейтінін, тараптардың өзара мәмілеге келгенін хабарлады.
